Қоғамдық сананы жаңғырту аясында «Өзін-өзі тану» пәнінің рухани-адамгершілік білім берудегі маңызы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауы халыққа жолдағалы бері, еліміздің түпкір – түпкірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз керек екендігі айтылады. Бұл дегеніміз – қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту. Сондықтанда бүгінгі таңда ұлттық мәдениетіміздің жандануы құптарлық жайт деп білеміз. Осы орайда, «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «Жалпыадамзаттық құндылықтар - қоғамдық сананы жаңғырту жолы» өзін-өзі тану педагогтарына арналған облыстық семинар болып өтті. Семинар мақсаты: Ақмола облысындағы білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру сұрақтары бойынша іс-тәжірибемен алмасу болып табылады. Семинар бағдарламасы бойынша пленарлық отырыста Иксатова Балжан Касымовна, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ «Әлеуметтік педагогика және Өзін-өзі тану» кафедрасының оқытушысы «Рухани-адамгершілік білім беру - саналы ұрпақ тәрбиелеу» атты баяндамасын оқыды. Дюсенханова Казиза Кудайбергеновна, Ақмола облысы Білім беру Басқармасының бас маманы «Облыс көлеміндегі пилоттық мектептердегі «Өзін-өзі тану» пәнінің жүзеге асырылуы» тақырыбында баяндамасымен бөлісті. Секция жұмыстарында облыс көлеміндегі өзін-өзі тану пәні мұғалімдері әр түрлі тақырыптарда өз жұмыстарын таныстырды. №9 мектеп-гимназиясының өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Бекебаева Асия Казезтаевна «Өзін-өзі»тану пәнін оқытуда мұғалім сыйының маңызы» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Рухани-адамгершілік тәрбие беруде ең маңызды кезеңінің бірі «Мұғалім сыйы» - бұл балалардың тақырып мазмұнын түсінуіне мүмкіндік беретін дидактикалық тәсілдің сұрақтар мен жауаптар түріндегі қарым-қатынас нысаны. Балалар әңгімелесу әдісі арқылы тақырыптың мазмұнын саналы түрде меңгереді. Асия Казезтаевна өз ісінің білікті маманы ретінде облыс көлемінде тәжірибесін табысты таныстырып, нәтижемен оралды. Семинар соңында ұйымдастырушылар алқасының шешімімен Асия Казезтаевна алғыс хатпен марапатталды. Әріптесіміздің өз пәні арқылы оқушыларды рухани-адамгершілікке баулуда еңбегіне сәттілік тілейміз! Рухы мықты, жігері берік, ұлт мақтанышы болар ұрпағымыз көбейсін!
№9 мектеп-гимназиясы
Директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары: Бекетай Б.А