Ізденіс жолы ғылымда
Білім - ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білімнің негізі мектепте қалыптасатыны баршамызға аян. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру- әр мұғалімнің парызы. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезініп, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденіп, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы жеңіске жетелейді.
2022 жылы 24 ақпан күні Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм, өлкетану және экология орталығы ұйымдастырған «Табиғат – тіршілік көзі» облыстық экологиялық олимпиадасы өткізілді. Олимпиаданың басты мақсаты-туған өлкесінің экологиялық-өлкетану проблемаларына жастардың назарын аудару болатын. Осы олимпиаданың «Болашаққа қадам – қуат көздерінің баламасы» номинациясы бойынша Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласы №9 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Совет Әнуар (жетекшісі Б.Әлмеш) ІІ орынды иеленді. Білікті ұстаз Әлмеш Бекмұрат Әділханұлы оқушының жас ерекшелігіне сай ғылымға қызығушылығын тани отырып, шығармашылық қабілетін шыңдады. Зерттеу жұмысымен айналысу барысында экологиялық мәселені көтеріп, оның озық үлгідегі шешу жолдарын ұсынған жас дарынның болашағынан үмітіміз зор. Ғылым мен техниканы дамыту жолындағы ұлы армандарыңыз елімізді өркендетуге деген мақсат болып көзделсін!