Бүгінгі жас маман –ертеңгі кәсіби мұғалім
Көктемнің шуақты күнінде №9 мектеп-гимназисында «Жас педагог - 2017» атты байқау өтті. Бұл байқау бала жүрегіне жол таба білген, білім нәрімен сусындатып жатқан еңбек өтілі бес жылға толмаған және алғашқы еңбек жолын осы мектептен бастаған мамандар арасында ұйымдастырылды. Байқауға ағылшын тілі пәні мұғалімі Ә. Жолтабарова, музыка пәнінің мұғалімі М. Алимжанова, математика пәні мұғалімі Б. Бекшораев және дене шынықтыру пәні мұғалімі Д.Мухаметкалиев, әлеуметтік педагог Г.Арынова қатысты. Сырттай, іштей, ақтық кезеңдерден тұрған байқау барысында жас мамандар өздерінің жан-жақтылығын көрсете білді. Үміткерлер сырттай кезеңде эссе жазып, портфолиосын дайындаса, іштей кезеңде өз пәні бойынша сабақ беру, сабаққа өзіндік талдауы жасау талаптары қойылды, финалдық кезеңде көрме жасау, «Өзім туралы» өзін-өзі таныстыру, «Менің педагогикалық қызметім» презентациясы, «Өнерлінің өрісі кең» өнер байқауы, «Мен педагог» педагогикалық жағдаяттар
шешу тапсырмаларын орындады. Осындай жүйеленген талаптардан тұратын байқау соңында Бас жүлдені педагогикалық қызметінің барысын нақты көрсеткен, ағылшын тілінің қажеттілігін жеткізе білген, білімді, өнерлі, мың бұралған биімен көрерменді тамсандырған ағылшын тілі пәні мұғалімі Әсел Жолтабарова, ал І орынды шығармашыл, әнші, формулаларды жүйелі үйрете білудің жолын білетін жас маман математика пәні мұғалімі Бақдәулет Бекшораев иеленді, ІІ орынды қазіргі заман талабына сай технологияларды тиімді қолдана білген дене шынықтыру пәні мұғалімі Дархан Мухаметкалиев, ІІІ орынды жаңашылдығымен
көріне алған, бала бойына тәлім-тәрбиені құя білген, бүлдіршін жүрегіне жол таба білген әлеуметтік педагог Гүлжан Арынова мен безендірілген слайдтары мен өнерлі, құбылжыта тамылжытқан әнімен сүйсіндірген ең жас маман музыка пәнінің мұғалімі Маржан Алимжанова иеленді.
Талапты да талантты, шығармашылықпен айналысатын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, кез келген жағдаяттың шешіміне сабырлықпен дұрыс жол таба білетін осындай жас мамандардың қызмет атқарып жатқанын ұжым мақтанышпен айта алады.
Мәртебесі биік егеменді еліміздің алғыр ойлы жас мамандарына болашақ иелері - ұл-қыздарға саналы тәрбие, сапалы білім беруде жаңашылдықпен еңбек етіп, педагогикалық қызметтің қыр-сырын үйреніп, биік белестерден көріне беріңіздер дейміз.