Жеңіске жеткізген ізденіс пен шеберлік
Абыройлы міндетті мінсіз атқарған мұғалімді халқымыз қашанда құрмет тұтады. Әр есейген адам қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен бастауыштағы мұғалімін үнемі жылылықпен еске алады. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату, өзгеге көмектесу – игілікті істердің бастамасы. Бастауыш сынып мұғалімдері баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындататын әрі әрбір бала өміріне жол сілтер шамшырағы секілді. Сондай үлгілі, өнегесі мен тәжірибесін көрсетіп жүрген, №9 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі жас ұстаз, қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнінен армандаған Жанайдарова Зәуреш Муратовнаның еңбегін зор мақтанышпен айта аламыз. Оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіріп,
ізденісін дамытып, рухани бай тұлғаны тәрбиелеуге өз үлесін қосып жүр. «Ұстаз – шеберліктің қайнар бұлағы» деген нақыл бүгінгі күннің жаңашыл мұғалімінің бет-бейнесін ашары сөзсіз. Шығармашыл тұлғаны дамытуда жаңашыл технологиялардың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланып, пәнге деген қызығушылығы, ойлау қабілетін дамытып, өзін-өзі белсенді етуге
дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзырлы, шығармашыл, білімді тұлға қалыптастыруға бағыттайды. Бастауыш сынып оқушыларының
функционалдық сауаттылығын арттыру бойынша курсты сәтті аяқтап, мектептің оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу барысында, алған білімдерін шынайы өмірмен байланыстырып, өмірде қолдана алуларына көңіл аударады. Әрбір сабағы оқушыны өздігінен білім алуға ынталандыратындай, өзара ынтымақтастықта ұйымдастырады. Оқушы білімін тереңдетуде, тілін дамытуда, талантын ашу бағытында арнайы таңдау курстарының сапалы
жүргізілуіне ерекше мән беріп, «Мәтін және грамматика», «Ертегілер қойылымы» таңдау
курстарына арнайы бағдарламалар құрды. «Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз»,-
демекші оқушылары да түрлі республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың
жүлдегерлері атанып жүр. Оның негізгі мақсаты әрбір баланың жүрегіне жол тауып, заман талабына сай саналы білім, сапалы тәрбие беру, сонымен қатар өзінің де шығармашылық дәрежесін үнемі жетілдіру болып табылады. Ауданның жаңашыл педагогтары арасындағы «Үздік педагог - 2017» сайысына қатысып, бірнеше кезеңдерден өзінің біліктілігімен, шығармашылығымен және жан-жақтылығымен жүлделі ІІІ орын иегері атанды.
Осында кәсіптік байқауда көзге көрінген әріптесіміз Зәуреш Муратовнаға еліміздің көк байрағын желбірететін білімді де алғыр ұрпақ тәрбиелеп, еңбегіңіздің жемісін көріп, әрдайым жаңалық пен шығармашылықтың қайнар көзі бола беріңіз дегіміз келеді.