Мектеп – білім ордасы
«Мектеп»... Бұл таңғажайып балалар елі. Бұл елдің басты тұрғындары балалар болып табылады. Балалар бізді өздерінің ғажайып елдеріне жетелейді, өздеріндей ерекше болуға үндейді. Сол үшін де оларға шексіз разымын.
«Мектеп» білім ордасы – жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуы үшін жағдай жасайтын педагогикалық шеберхана. «Шәкірт – қан жүгіртетін тамыр емес, ұшқын шашатын алау. Ал алауды өзі де от боп жанатын адам ғана жағады»,– деген нақыл сөз – уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін мағыналы сөз. Расында оқушыны жетістікке жеткеніне өзі де қуана алатын және жетістікке, таным қуанышына жол ашатын ұстаз шыңдайды, тәлім береді. Ұстаздар – ең тұрақты, төзімді, шынайы, жауапкершілігі мол, ең мейірімді, ең қызықты және жарқын адамдар болып табылады. Өйткені бұл – ерекше ұлағат иесі, таным-түсінігі кең, тағылымы терең, кеңпейіл жандар. Мұнда айналаңдағыларға әрдайым ізденімпаз ретінде танылып, идеялар мен бастамаларға қозғау болуың шарт.
Мен ең алғаш №9 мектеп-гимназиясының табалдырығын имене ашқан сәтте, өзімді мектепке келген жас баладай сезіндім. Ұжымға келіп әр мұғалімнің өзіме сенім арта қараған көздерін көргенде, артылған жауапкершілікті сезіндім. Қазіргі уақытта менің негізгі ұстанымым – әрбір мұғалім мен оқушыны жақсы көру, түсіну, оларды қабылдау, оларға көмектесу. Сондықтан өзімнің басқару жүйемді осы сәтті әр мұғалімге өз анасындай, мектепті екінші үйім деп санайтын және интернатта тұрып, білім алу үшін жақын адамдарынан алыс жерде алтын уақыттарын өткізіп жатқан оқушы мен мұғалімнің бірлескен қызметі арқылы олардың зияткерлік қана емес, сонымен бірге шығармашылық әлеуетін ашуға, өз күшіне сенімділікті, өнегелі көзқарастарын қалыптастыруына мүмкіндік беретін әріптестікке, бірлескен шығармашылық қызметтердің принципіне сай етіп құруды қолға алдым. Бұл жолда менің ардагер ұстаздарым – Т.Ахмадиева, А.Капабаева, Ш.Исмагулова, Б.Жапаров, тәжірибелі мамандар – Б.Сердалина, А.Шалбарбай, Ж.Қуандық, С.Шаяхметова, Л.Тультаева, А.Абдрахманова, мектеп модераторлары – Б.Сапарбекова, Г.Калмагамбетова, К.Мурзагельдина, Г.Нургужина, А.Бейсенова, С.Оспанова, Ш.Шырылдақова, А.Олжанова, М.Касенова сынды өз ісінің майталман шебер мұғалімдері және білікті мектеп әкімшілігі - А.Алтайбекова, Г.Галимжанова, Т.Бралин, А.Абдрахманова, Б.Бекетай, Г.Сагнаева, Ж.Шайменов және мектеп-гимназияда жұмыс істейтін барлық мұғалімдер мен тәрбиешілердің қолдайтынын білемін.
Заман ағымына сай заманауи білім беруге жаңа талаптар қойылуда: жаңа типте ойлайтын, бастамашыл, шығармашылық, интеллектуалдық жағынан дамыған, құзыретті адамдарды тәрбиелеу оқушылар мен ұстаздар үшін жаңалық ашудың, өмір қызықтарының, сабырлылықтың, үйлесімділік пен әріптестіктің әлемі. Әріптестік орнату арқылы ғана біз бала өзінің қажетті әрі маңызды екенін сезіне алатындай жағдай жасай аламыз. Сондықтан да дарынды және талантты оқушылармен жұмысты жандандыру,әдістемелік жағынан ой бөлісу, тәжірибе алмасу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетімен меморандум жасалды және болашақта Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлескен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
Мұғалімдер қауымымен ынтымақтаса, бірлесе өзімнің тәрбиеленушілерімді қазіргі заманға сай әрекет етіп, кез-келген уақытта шешім қабылдай алатын, өздерін жеке тұлға ретінде танытатын жоспарларын іске асыруға дайын болатын азамат ретінде көретініме сенемін және тынымсыз ізденістерге, жоспарлар мен жаңалықтарға толы жолда, тәрбиеленушілерге ізгі жол көрсетіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өзім де ізденемін, биік белестерге бірге жетеміз деп сенемін!