Жақсымен өткен бір күнің
«Жақсымен өткен бір күнің...», деп халық нақылында айтылғандай 22-ші ақпан күні № 9 мектеп-гимназиясында мұғалімдер мен «Жас ұлан» ұйымының мүшелері, мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің қатысуымен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің педагогика кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Атамекен» тәрбие бағдарламасының авторы Құрсабаев Мұхамедрахым Қыдырбайұлы және Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұлттық тәрбие кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының профессоры Сайдахметов Бауыржан Сейтбекұлымен өскелең ұрпақ бойына Кембридж бағдарламасының 7 модулі арқылы ұлттық тәрбиені сіңіру, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында кездесу өтті.
Кездесуді мектеп директоры Кушекова Бибігүл Қуанышқызы мектеп тарихынан бір үзік сыр шертіп, жетістіктерді айтты. «Атамекен» тәрбие бағдарламасының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Құрсабаев Мұхамедрақым Қыдырбайұлы Қазақстан дүниежүзіндегі ең жас мемлекет екендігін, соған қарамастан даму мен жаһандану жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын, қазіргі жастардың ақпараттық технологияларды жылдам және жетік меңгеру қабілеттерінің жоғары екендігіне тоқталды. XXI ғасыр талаптарына төтеп беру және алған білімдерін халықтың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету, тиімді пайдалану қажеттігін айтып оқушыларға ой салды. Қазіргі таңдағы кітапханамен жұмыс қаншалықты жүргізіліп жатқанын, жастардың кітап оқу жағдайын баса айтып, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, тілдің қадірін арттыру, тілдік қорды байыту мәселелеріне тоқталды. Кешті ары қарай қыздыра түскен кездесудің арнайы қонағы Сайдахметов Бауыржан жас ұрпақты «Қазақ» деген ұлы, қаны таза, намысты елдің ұрпағы екенімізді мақтан тұту және осы қасиеттерді бойымызға сіңіріп өсу қажеттігін, әрқашанда абыройлы болып, тегімізден айрылмай келе жатқанымызды үлкен ерлік, - дей келіп, 100 нақты қадамды талқылап, «Мәңгілік ел» идеясының негізгі құндылықтарына тоқталып кетті, сол арқылы кездесуге келген әр адамның жүрегіне жылы сезім орнатты.
«Атақты қоғам береді, абыройды халық береді. Сол атақты абыроймен ала жүру керек деген», - ағаның сөзі көпшілікке ой тастады. Сонымен қатар, сабақтың барысы, сабақ кезеңдерін ұлттық құндылықтармен, халықтық дүниелермен байланыстыру, сабақтың қорытынды кезеңі, рефлексия жасау туралы көптеген ұсыныстар берді. Мағынаға толы М.Жұмабаев, А.Құнанбаев шығармаларынан өлеңдер оқып, сырнаймен терме орындады. Оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, естелік суреттерге түсті, Құрсабаев Мұхамедрақым ағаның «Адам жас кезінде материалдық құндылықтармен өмір сүрсе,
есейгенде бала боп қалады. Адас жас кезінде рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өссе, дана боп шығады», - деген ұлағатты сөзін естіген оқушылардың көздеріне жалын ойнап, бойларына бір керемет қан жүгіргендей әсерде болды. Кездесу соңында Сайдахметов Бауыржан Сейтбекұлы жас та болса ұжымды басқарып отырған мектеп директоры Кушекова Бибігүл Қуанышқызына алғыс айтып, «Мәңгілік ел» атты кітабын тарту етті. Мектеп оқушылары да келген қонақтарға ыстық лебіздерін білдірдіп, ән шашуларын арнады. Кездесу өте әсерлі өтіп, сезімге толы және шығармашылық тұрғыдан жоғары деңгейде өтті.