Ауғанның отты жалыны
1989 жылы ақпан айының 15-де талай аналарды перзенттерден айырған, мыңдаған жерлес
бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де қайғылы «Ауған соғысы» аяқталды. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Бүгінде «Ауған соғысы» қажет пе еді? деген сұрақтар көп қойылған кезде, өскелең ұрпаққа жауапты, қоғамдағы көкірегі ояу, елдің тарихын терең зерттеген, болашаққа зор үмітпен қарайтын, Отанды жанынан артық санайтын азаматтар осы ардагерлердің Отан алдындағы борыштарын адал атқарған батыр екенін айтуымыз керек. Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 28 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан айыға алмай келеді.
Осы батырларымызды қадірлеп,құрметтеу біздің міндетіміз. Осы мерекеге орай №9 мектеп-гимназиясында мектеп директоры Кушекова Бибігүл Қуанышқызының бастамасымен, АӘД пәнінің мұғалімінің ұйымдастыруымен Ауған соғысы ардагерлерімен тарихи кездесу өткізілді. Қонақ ретінде мектебімізге Ауған соғысының ардагері, 1980-1981 ж.ж. АДР-ның Баграм, Кундузпровинцияларында әскери міндетін атқарған аға-лейтенант Қуандық Жақсылық
Шаймұратұлы, 1988-1989 ж.ж. өзінің интернационалдық міндетін Ауғаныстанда атқарған аға-сержант Оспанов Еркін Кабденович ағаларымыз шақырылды. Тарихи сыр-сұхбат кешінде оқушылар ардагер ағаларымызға ән-биден шашу шашып, авторлық өлеңдерін арнап, АК-74 қаруын шашып-жию тәртібін, зіл темір көтерудің өнерін көрсетті. Сол кеште аталған тарих беттерін парақтап,бүгінгі күнге жетіп отырған ағаларымызбен сұхбаттасу үшін ардагерлерді әңгімеге тартып сұрақтар қойылды. Ардагер ағаларымыз өз тарапынан оқушыларға өнеге-өсиеттерін, батырлық пен қайсарлық деген сөздің мағынасын терең түсіндіріп берді. Ардагер ағамыз, Бауыржан Момышұлының «Айбындылық аспаннан түспейді» деген жалынды сөзін есіне түсіріп,дана халқымыз қаһарман ұлдарын пана тұтқандығын айтты.
Өтер жылдар, айлар тағы алыстап
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың
Ауғандағы азап шеккен арыстар.
Сонау Ауған жерінде қару асынып мұң арқалаған сын сағаттарда бірін - бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір - түкпірінде еңбек етуде. Сіздерге ұзақ ғұмыр, денсаулық, жанұяларыңызға бақыт тілейміз! Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін!