Тәуелсіз еліміздің келешегі, ол - жас ұрпақ. Болашақта еліміздің гүлденуі, дамыған елдердің қатарына қосылуы жас ұрпақтың оқу-тәрбиесіне тікелей қатысты. Елбасымыз Н.Назарбаев Білім және Ғылым қызметкерлерінің ІІ сьезінде: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін мінде ауыр» деген болатын. Шынында да қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнін терең білу ғана талап етілмейді, одан жоғары кәсіби біліктілік, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын шығармашыл тұлғаны қалыптастыру, дарынды балаларды тәрбиелеу шеберлігі сияқты қасиеттер де талап етіледі. Өйткені қазіргі жас буын жан-жақты терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары жеке тұлға болса, олар еліміздің мықты тірегі болатынына сенімім мол. Осындай қоғамдық міндетті арқалаған Бурабай ауданы Шучинск қаласы №9 мектеп-гимназиясында дарынды оқушылармен жұмыс жақсы жолға қойылған. «Зерде» кіші ғылым –академиясы жас жеткіншектерді мектеп қабырғасынан бастап ғылыми жоба жазуға үйрету мен ғылыми ой-өрісін дамыту жолында нәтижелі жұмыс жасап келеді. Сөзімізге дәлел жуырда «Дарын» РҒПО-тың жетекшілігімен наурыз айының 2 –жұлдызында 10-сынып оқушысы Шабденов Әділ Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен ІV-халықаралық «Жас ғалым» ғылыми жоба қорғау конкурсында «Саумал сүттен жасалған шипалы балмұздақ » тақырыбында ғылыми жоба қорғап, жүлделі І орынға ие болды. Жоба жетекшісі: биология пәні мұғалімі Абдрахманова Айман Амантайқызы, жобаға пікір жазған Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік Университетінің биология кафедрасының аға оқытушысы, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Таужанова Гүлсара Смайлқызы. Әділ-қазылар мен ұйымдастырушылардың шешімі бойынша Шабденов Әділге Таэджон қаласындағы Солбридж бизнес университетінде оқуға 60 пайыздық жеңілдік табысталды. Осы жобаны жазу барысында үлкен қолдау көрсеткен мектеп директоры Кушекова Бибігүл Қуанышқызына алғысымыз шексіз. Болам деген баланың бетін қақпай, үмітіне қанат бітіріп, алға жетелеген басшы ұжым үшін нар тұлға. Қазақта «Бірлік түбі береке» деген аталы сөз бар. Сол бірліктің арқасында мектебіміздің шәкірті әлемді мойындатып, Қазақстан дейтін мекенде жас ғалымдардың өсіп келе жатқанын паш етті. Білікті ұстаз бен білімді шәкірт әр білім ордасының мақтанышы.