06.11.2020
Өмірі өлеңмен өрілген ақын
Сұлу Көкше - талай өнер тарландарының бесігі болған жер. Мұнда Ақан Сері мен Үкілі Ыбырайды қойғанда,бертіндегі тұйғынды жырлы Төлеген Қажыбай мен ақберен ақын Баянғали Әлімжан шыққан! Міне, осындай жыр өлкесінде туып-өскен Марфуға Бектемірованың ақын болмауы мүмкін емес еді. Осындай ақындық мектептің түлегі, осындай шеберлік ұлттық поэзия басының шоқ гүлдері – талатты ақын қыз Марфуға Бектемірова.Өзі сұлу Көкше өңірінен шыққан Арқаның ай жұлдызды ерттеп мінген аруы еді. Жыр сүлейлерінің артында ізін басып, ақындар өлкесінде жыр тұлпарына мінген ақын - Марфуға Бектемірова.
Марфуға Бектемірова - ақын, жазушы,қоғам қайраткері, аудармашы, композитор. 1958 жылы 26 қыркүйекте Көкшетау облысындағы Еңбекшілдер ауданының Прогресс (ескі Макинка) ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы табиғаты сұлу Көрнекті ауылында өтеді.Нағашы атасы мен апасының тәрбиесінде болады.Кейіннен Щучинск қаласындағы № 9 мектеп-интернатта оқыған.Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Уәлиханов, Зеренді аудандық және облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерінде, Қостанай облыстық радиосында тілші болған. Қостанай облыстық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде қазақ тілі, ономастика, ұлт саясаты және көші-қон жөніндегі жауапты маман болып қызмет атқарған, республикалық «Ана тілі» газетінің осы облыс бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры, «Есіл» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы болған.
Марфуға – поэзиялық, ақын¬дық домбырасын шебер шерте білген шын шайыр, шын суреткер. Нағашы атасы мен апасының бауырында ,сұлу табиғаты бар Көрнектіде балалық дәурені өткен Марфуға ақын өлең жазуды 9-сыныпта бастаса, «Аққуым менің,қайдасың» өлеңін 14 жасында жазған.Осы өлеңге белгілі композитор Әнуарбек Бекжанов тамаша ән шығарды.Қазіргі таңда оны жезтаңдай әнші Ералхан Әбішев нақышына келтіре орындап жүр.Әттең, ғұмыры қысқа болды. Аяулы ақын небары 55 жасында 2013 жылы дүниеден өтті.Біз, өзіміз хас таланттарды тірі кезінде сыйлай, құрметтей білмейміз ғой, сондай жаратылысымыз, сондай халықпыз. Әйтпесе Марфуға маңдайалды ақын қыз ретінде талай марапат пен құрметке ие болуы керек еді, тек әйтеуір «ҚР Мәдениет қайраткері» атағын иеленіпті, соған да шүкіршілік дейміз.